Мүфтият жанынан Бас редакторлар алқасы құрылады

Елордада Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен «Бөлім сағаты» жобасы бойынша арнайы жиналыс өтті.

Басқосуда Ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімінің жұмыс есебі тыңдалды.

Алдымен бөлім қызметкерлерінің қаңтар айындағы жұмысы бейнеролик түрінде назарға ұсынылды. Одан кейін Ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Ағабек Қонарбайұлы бөлімнің 2022 жылға арналған жұмыс жоспары мен айтулы іс-шаралар туралы баяндады. А.Қонарбайұлы алдағы уақытта ҚМДБ жанынан Бас редакторлар алқасын құруға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асып жатқанын жеткізді.

Басқосуда Ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімі меңгерушісінің орынбасары Нұрбек Есмағанбет те баяндама жасап, қоғаммен байланыс бағыты бойынша жоспарланған жұмыстар туралы мәлімет берді.

Н.Әуесханұлы алдағы уақытта ҚМДБ жанынан Діни сарапшылар мен Рухани қоғамдық кеңес құру бағытында орындалып жатқан игі жобалар жайлы Бас мүфтиді хабардар етті.


Өз кезегінде ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Діни басқарма жұмысын насихаттауға сүбелі үлес қосып келе жатқан ақпарат саласының қызметкерлеріне алғыс білдіріп, осы бағыттағы жұмыстарды жетілдіре беру қажет екенін қаперге салды.