Павлодарда медресе-колледж жанынан спорт кешені ашылды

Павлодар қаласындағы «Әбу Бәкір Сыддық» медресе-колледжіне арналып жаңадан салынған спорт кешенінің ашылу рәсімі болды.

Шараға облыстың бас имамы Жолдас Қоспақұлы, облыстық дін істері  басқармасының басшысы Дәулет Қоқанұлы, Павлодар қаласының әкімі Ержан Иманисламұлы және аталмыш спорт кешенін тұрғызған құрылыс компаниясының жауапты адамдары, қала мешітінің имамдары, медресе шәкірттері қатысты. 

«Әбу Бәкір Сыддық» медресесі 2020 жылдың 9 қазанында медресе-колледж мәртебесін алған еді. Заңнамаға сәйкес медресенің өз спорт кешені болуы тиіс. Осыған орай 2019 жылдың тамызында «KSP STEEL» ЖШС-нің  қолдауымен спорт кешенінің құрылысы басталып, 2021 жылдың қаңтарында аяқталды.

Жолдас Қоспақұлы спорт кешені жайлы қысқаша таныстырып, демеушілер мен атқарушыларға зор алғыс білдіріп, сый-сияпат ұсынды. Павлодар қаласының әкімі Ержан Иманисламұлы және құрылыс демеушілерінің бірі  Эдуард Львович нысанның лентасын қиды. Соңында қала басшылары спорт кешені және медресе-колледж ғимаратын аралап танысты.