9 шілде – Құрбан айт мерекесінің бірінші күні.
Құрбан айт намазынан кейін үш күн ішінде жағдайы келген мұсылманға құрбандық шалу – міндет. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Раббыңның разылығы үшін намаз оқы және құрбандық шал» («Кәусар» сүресі, 2-аят) деп бұйырған.
Аллаға жақындау
Аллаға ең жақын құлдар – пайғамбарлар. Сондай ұлық пайғамбарлардың бірі Ибраһим бабамыз. Құрбан шалу арқылы Аллаға жақындау ғұрпы сол кісімен байланыстырылады. Әрине, ниет Жаратушының бұйрығын орындау болуы керек. Әйтпесе, Құранда айтылғандай құрбандыққа шалынған малдың еті не қаны емес, Аллаға тек ниет жетеді. Хадистерге де қарасақ, «Барлық істің түпкі ниетке байланысты» бағаланатыны айтылады.
Олай болса, шынайы мұсылмандар Жаратушының әмірін қалт етпей, пайғамбарлардың жүрген жолымен жүреді. Ынталы кейіпте, құлшылық ниетімен өзіне тиесілі бұйрықтарды орындайды. Ардақты Мұхаммед пайғамбарымыз да (с.а.с.) екі мал шалатын: «Менің және жағдайы жоқ үмбетімнің атынан» дейтін.
Қандай мал құрбандыққа шалынады?
Құрбандыққа мал таңдау кезінде-ақ адамның шариғатқа білімділігі, тақуалығы көрініс табады. Себебі шариғатымыз таңдалған малдың сау, мінсіз болуы талап етіледі. Көзі көрмейтін, бір көзі жоқ, ақсақ, тым арық, тістері жоқ, құлағы кесілген, желіні кепкен, құйрығы немесе құлағының үштен бір бөлігінен көбі кесілген малды құрбандыққа шалу дұрыс емес.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Төрт мал құрбандыққа жарамайды: қылилығы айқын, ауруы анық, ақсақтығы мәлім, жілік майы таусылған (тым арық) малдар», – деген (Әбу Дәуіт). Мүйізі жоқ немесе мүйізі сынған, құлағы жарылған немесе тесілген малды құрбандыққа шалуға болады. Сонымен қатар, піштірілген малды да құрбандыққа шалады. Ондай малдың еті мол әрі дәмі тәтті болады және ол айып болып есептелмейді («Фәтауа Һиндия», 5/344.). Сатып алған құрбандық малы айыпты болып қалса, оны сау малға ауыстырады. Малды бауыздайтын кезде не бауыздау себебімен көзін шұқып алса немесе союға апара жатып аяғын сындырып алса, оның оқасы жоқ.
Құрбандыққа әдетте қой, ешкі, ірі қара немесе түйе шалынады. Малдың еркегі де, ұрғашысы да жарамды. Қой мен ешкі бір адамның атынан бауыздалады. Бір адам екі қой бауыздаса, екеуі де құрбандық болады және екі құрбандықтың сауабын алады.
Ал, түйе мен ірі қараны бір адамнан жеті адамға дейін шалуға болады. Дегенмен бір ескерте кетерлігі, жеті адамның да ниеті құрбандық шалу немесе етін садақа ету болу керек. Қой мен ешкі бір жасқа жету керек. Үлкендігі бір жасар қойға ұқсас алты айға толған семіз әрі ірі қойды да құрбандыққа шалуға рұқсат етіледі. Ал, ірі қара екі жасқа, түйе бес жасқа толуы шарт.
Құрбан шалудың сауабы
Өмірде жақсы ниетпен жасалған кез-келген істің сауабы бар. Қасиетті Құранға қарасақ, «Зәредей жақсылықтың да, жамандықтың да қайтарымы болатыны» ескертілген (Зилзал сүресі, 7-8 аят). Сол себепті ардақты пайғамбарымыз үмбетін жақсылықсүйгіш, ізгілікқұмар болуға, әрбірі сауапты ісімен Аллаға жағуға тырысуға үндеген. Құрбан шалудың да сауапты іс екенін түсіндірген.
Сахабалары сауабы қандай болатынын сұрағанда, шалынған малдың әрбір қылшығына сауап жазылатынын аңдатқан. Мұсылман адам бәріне тек осы өмірдің өлшемдерімен ғана қарамасы анық. Алдымызда Ұлы Есеп күні бар. Қылкөпірден өтерде де осы дүниеде шалынған құрбандықтардың пайдасын әркімнің көретіні хадистерде келеді.
Қайырымдылық жасау
Бүгінгі әлем ізгілікке, қайырымдылыққа мұқтаж. Исламофобияның арынын бәсеңдету үшін де мұсылмандар қоғамға қайырымдылық істерін көп жасауы қажет-ақ. Ол исламның шынайы келбетін таныту үшін де маңызды. Дініміз қоғамдағы жоқ-жітіктерге, кедей-кепшік, көмекке, қолдауға мұқтаж жандарға әрдайым қарайласуға шақырады.
Әсіресе, дағдарысты, алды болжаусыз қазіргі әлем жағдайында қайырымды істердің маңызы тіптен артып отыр. Қоғамда өз қарақан басының жағдайын ғана күйттеушілік датталып жатса, көптің, елдің игілігіне жүгіріп қызмет еткен азаматтар мақталып жатқанын әркім-ақ көріп отыр.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да біраз игілікті істерге ұйытқы болып келеді. Атырау өңірі ретінде біз де ортақ мақсатқа қолымыздан келгенше үлес қосуға тырысудамыз. Ылайым еліміз аман, жұртымыз тыныш болса екен! Құрбандық шалған ағайынның ниеті қабыл болып, Алла Тағала көпке берекелі тыныш өмір сүруді жазсын деп тілейміз!
Алтынбек ҰТЫСХАНҰЛЫ,
Атырау облысының бас имамы.