Қасиетті орындарға саяхат: Қазақстандық туристік операторлардың Өзбекстанға сапары жалғасуда

Еліміздің туристік операторлар өкілдері қатысып жатқан Өзбекстандағы ақпараттық туристік сапар Науаи уәлаятында (облысында) жалғасты.

Бұл уәлаят бұрын Бұхар хандығына қарады. 1958 жылы мұнда тау-металлургия салынып, жаңа шаһар бой көтерді. Қалаға Шығыстың шайыры Әлішер Науаидің аты берілді. Іс-шара аясында ҚМДБ Қажылық бөлімінің меңгерушісі Жәнділлә Бекжігітов пен «Tawaf Travel» қажылық компаниясының директоры Бектемір Искаков Науаи уәлаятының әкімі Кобул Турсуновпен кездесті.

Кездесуде Кобул Бекназарұлы Науаи уәлаяты ұйымдастырып отырған шараның маңыздылығына тоқталды. ҚМДБ Қажылық бөлімінің меңгерушісі Жәнділлә Бекжігітов Өзбекстан жерінде, соның ішінде Науаи уәлаяты аумағында жатқан қазақтың атақты тұлғаларының екі ел туризмі үшін де құнды екенін атап өтті.

«Өзіңіз басшылық ететін бұл өңірде туристер үшін құнды көптеген қасиетті орындар бар. Атап айтқанда, Нұр Ата қаласында қазақ халқының бірлігін нығайтуға үлкен үлес қосқан Әйтеке би Байбекұлының, Шығай ханның кеңесшісі болған тағы бір атақты биіміз Сейітқұл қажы Тоқпанұлының кесенесі бар.

Ал Чашма ауданында сахабалардың серігі болған атақты табиғин Ахмад ибн Мухаммад Абдул Хасан мен қызы Нұргүл бибі жерленген. Нұргүл бибі зираты қазіргі уақытта қыз-келіншектердің жиі келетін зиярат орнына айналып отыр. Осындай қасиетті орындар туристер үшін өте маңызды» деп атап өтті Жәнділлә Бекжігітов.

Кобул Турсунов сөз соңында меймандарға ыстық алғысын білдіріп, Науаи уәлаятының ішкі туризмін дамыту қажеттігін атай келіп, осы маңызды іске қазақстандық туризм мекемелерін атсалысуға шақырды.