Бас имам Атыраудағы мешіттердің карантин жағдайында қалай жұмыс істеп жатқанын айтты

Карантин жағдайына байланысты, Атырау облысы мешіттері күшейтілген санитарлық режим жағдайында жұмыс істеуде.

Біріншіден, аймақтағы барлық мешіттерге санитайзерлер, антисептиктер орнатылып, залалсыздандыру кілемшелері төселді. Және маскалық режим жалғасуда.

Бес уақыт намаз мешіттерде жамағатпен санитарлық талаптарды сақтай отырып өткізіліп жатыр.

«Намаз уақытында жамағат арасында әлеуметтік қашықтықты сақтау мақсатында намаз кілемшелеріне арнайы белгілер орнатылып отыр. Және мешіттер пандемия басталғалы бері, мешіттерде уағыздар, дәрістер толықтай онлайн форматқа көшірілді.

Осы ретте, ютуб, фейсбук, инстаграм парақшаларында тікелей эфирлерде, арнайы жүктелген видео түрінде дәрістер өтуде. Жамағат арасындағы сұрақтарға жауап беру мақсатында орталық «Иманғали» мешітінде колл орталық ашылды.

Айталық, карантинге дейін өткен жылы 7 видеоуағыз, офлайн форматта 527 уағыз жүргізілген болса, бұл кезеңде уағыз – насихат 79 050 адамды қамтыды.

Карантин кезінде облыс мешіттері бойынша 901 видеоуағыз жүктеліп, 313 350 қаралым алды. Және 582 онлайн дәріс өткізіліп, 203 700 адам қатысты» дейді Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.

Мешіттеріміз осылайша, жаңа медианың мүмкіндіктерін толықтай пайдаланды. Уағыздар, дәрістер ғаламтор арқылы жүргізілді. Бұл аудиторияның кеңеюіне ықпал етті. Сондай ақ, кезекшілерден өзге, дәріс беруші ұстаздар жұмысын онлайн форматта жалғастыруда.

Еске сала кетелік, Атырау облысы бойынша 33 мешіт, 87 діни қызметкер бар. Атырау облысының бас санитариялық дәрігерінің Қаулысына сәйкес, сенбі, жексенбі күндері мешіттер жұмыс істемейді. Бұл күндері мешіттерде дезинфекциялық жұмыстар жүргізілуде.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.