Атырау қаласында Атырау облысы Дін істері басқармасының қолдауымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Республикалық ақпараттық-насихат тобының және Ғұламалар кеңесінің мүшесі Арман Қуанышбаевтың қатысуымен атыраулық жастарға арналған «Отбасы институты: дәстүр, дін және жауапкершілік» тақырыбында тағылымды кездесу өтті.
Кездесу барысында отбасының қоғамдағы орны, исламдағы отбасы құндылықтары, ерлі-зайыптылардың өзара жауапкершілігі, ата-ананы құрметтеу, бала тәрбиесіндегі ұлттық дәстүр мен діни құндылықтардың сабақтастығы жан-жақты сөз болды.
Арман Қуанышбаев отбасы – қоғамның ең маңызды институты әрі берік іргетасы екенін атап өтіп, әрбір жас отбасын құруға үлкен жауапкершілікпен қарауы керектігін жеткізді. Сонымен қатар жастарды имандылықты, көркем мінезді, ұлттық салт-дәстүрді және отбасы құндылықтарын өмірлік ұстаным етуге шақырды.
Кездесу барысында қатысушылар көкейлеріндегі сауалдарын қойып, отбасы, неке, бала тәрбиесі және қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелер төңірегінде тұщымды жауаптар алды.
Тағылымды басқосу жастардың рухани танымын арттырып, отбасы құндылықтарын насихаттауға, дәстүр мен дін сабақтастығын дәріптеуге бағытталған мазмұнды кездесу болды.













