Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлының тапсырмасына сәйкес, өңірдегі имамдардың кәсіби біліктілігін арттыруға арналған бес күндік оқу курсы басталды. Оқу бағдарламасы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Діни білім және кадр даярлау бөлімінің жұмыс жоспары аясында ұйымдастырылуда.
Курстың ашылу рәсімінде Атырау қаласындағы «Құспан молла» мешітінің бас имамы Эммат Ғұмаров сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Одан кейін ҚМДБ Діни білім және кадр даярлау бөлімі мен Құран секторының өңірдегі жауапты маманы Еркебұлан Жақсылықов дәрісті бастап, қатысушыларға Құран оқу әдістемесі бойынша теориялық және тәжірибелік сабақ өткізуде.
Бағдарлама аясында Құран Кәрімді тәжуид қағидаларына сай дұрыс оқу, сүрелерді сауатты әрі көркем орындау дағдыларын жетілдіруге басымдық берілген.
Бес күнге созылатын оқу жиынына Атырау қаласы бойынша «А» және «В» санатындағы дін қызметкерлері кезең-кезеңімен курстан өтеді. Алдағы уақытта мұндай біліктілікті арттыру курстары аудан және ауыл имамдары үшін де ұйымдастырылатын болады.
Оқу курсын толық аяқтаған қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталады.












