Рамазан күнделігі: Алтынбек Ұтысханұлы Маңғыстау облысының эстафетасын қабыл алды

Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы бастаған имамдар дін саласында еңбек етіп жүріп көз жұмған имам-молдалардың шаңырақтарына барып, зиярат етуде.

Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы бастаған топ дін саласында 25 жыл еңбек етіп, марқұм болған Сұлтан Ұзақбаевтың шаңырағына арнайы барды.

Марқұмның рухына Құран бағыштап, отбасылық жағдайымен танысты. Рамазан айымен құттықтап, қаржылай сый-сияпат, жеміс-жидектер себетін табыс етті.

Сұлтан Ұзақбаев әр кезеңде Жылыой мешітінде, Қызылқоға ауданының Мұқыр ауылдық мешітінде имам қызметін атқарған. Сонымен бірге, Махамбет ауданының бас имамы қызметін де абыроймен атқарды. Саналы ғұмырын дін саласын дәріптеуге, ағартушылыққа арнаған марқұм Сұлтан Ұзақбаевтың артында жақсы ізі, ұрпағы қалды.

Еске сала кетелік, бұған дейін Маңғыстау облысының Бас имамы Әнуар Елжанов дін саласында еңбек етіп, көз жұмған тұлғалардың шаңырағына барып, отбасыларын Рамазан айымен құттықтау эстафетасын Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлына жолдаған болатын. Аталмыш эстафетаны Алтынбек Ұтысханұлы Ақтөбе облысының Бас имамы Серікжан Еншібайұлына жолдады.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.