XXI ғасырда интернет пен әлеуметтік желілердің қарқынды дамуы адамдардың ақпарат алу тәсілін түбегейлі өзгертуде. Бұл өзгерістер қазіргі таңда тек қарым-қатынас алаңы ғана емес, сонымен қатар мәдени, саяси және діни идеялардың таралу ортасына айналды. Бұрын діни білімді адамдар көбінесе мешіттерден, медреселерден немесе арнайы оқу орындарынан алса, қазіргі уақытта ютуб, фейсбук, телеграм, тикток және басқа да платформалар арқылы әлемнің кез келген еліндегі уағызшылардың дәрістерін еркін тыңдай алуда. Мұндай мүмкіндіктің пайдалы жақтарымен қатар белгілі бір қауіптері де бар. Себебі интернет платформаларында діни мазмұндағы ақпаратты әртүрлі бағыттағы тұлғалар таратады. Олардың қатарында дәстүрлі діни білім беру орталықтарының өкілдерімен бірге шетелдік уағызшылар да айтарлықтай көптеп кездесіп жатады. Мұндай ақпараттардың жастар арасында кең таралуы олардың діни түсінігіне, құндылықтық ұстанымдарына және қоғамдық көзқарастарының қалыптасуына ықпал етуі мүмкін.
Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес зайырлы, демократиялық және құқықтық мемлекет. Конституцияның 1-бабында мемлекеттің ең қымбат қазынасы, адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары екендігі көрсетілген. Сонымен қатар Конституцияның 22-бабында әр азаматтың ар-ождан бостандығына құқығы бар екені белгіленген. Дегенмен бұл құқық қоғамдағы тұрақтылыққа, қоғамдық қауіпсіздікке және басқа азаматтардың құқықтарына нұқсан келтірмеуі тиіс. Сондықтан мемлекет діни экстремизм мен радикализмнің алдын алуға ерекше көңіл бөлуде.
Соңғы жылдары Қазақстан жастары арасында араб елдерінің танымал уағызшыларының дәрістерін тыңдау кеңінен таралған. Осындай тұлғалардың бірі, Кувейттік ислам уағызшысы Усман әль-Хамис. Ол 1962 жылы 26 мамырда Кувейтте дүниеге келген. Хадис және ислам құқығы (фиқһ) саласында білім алған. «Имам Мұхаммад ибн Сауд» атындағы «Ислам» университетінде және «Король Сауд» университетінде оқыған. Оның ислам ақидасы, хадис, фиқһ және мұсылман қоғамындағы өзекті мәселелерге арналған дәрістері араб елдерінде ғана емес, Қазақстанда да әлеуметтік желілер арқылы кеңінен таралып келеді. Усман әль-Хамис радикалды сипаттағы көзқарастарды таратушы және белгілі бір идеологиялық бағыттарды насихаттаушы тұлға ретінде сипатталған. Кейбір жазбаларында сырт көзге пайдалы кеңес немесе қарапайым түсіндіру түрінде көрінгенімен, олардың мазмұнында жастардың ой-санасына теріс ықпал ететін пікірлер кездеседі.
Усман әль-Хамистің дәрістерін тыңдайтын аудиторияның көбеюіне бірнеше фактор әсер етуде.
- Интернеттің қолжетімділігі.
- Қазақ және орыс тілдеріне аударылған қысқа бейнероликтердің көбеюі.
- Жастардың діни сұрақтарға жылдам жауап іздеуі.
Әлеуметтік желілердің алгоритмдері адамның қызығушылығына сәйкес ұқсас мазмұндағы бейнероликтерді ұсынатындықтан, белгілі бір уағызшыны бір рет тыңдаған адам кейін де осыған ұқсас материалдарды жиі көре бастайды. Бұл жағдай белгілі бір діни көзқарастың кеңінен таралуына ықпал етеді.
Қазақстандық исламтанушылар, дінтанушылар мен теологтар жастардың интернет арқылы алынған діни ақпаратты әрдайым сыни тұрғыдан бағалай бермейтінін атап көрсетуде. Әсіресе арнайы діни білімі жоқ азаматтар үшін әртүрлі елдердегі исламдық құқықтық мектептердің ерекшеліктерін ажырату оңай емес. Соның салдарынан кейбір жастар өзге мемлекеттердің діни тәжірибесін Қазақстан жағдайына сол күйінде қолдануға тырысады. Бұл өз кезегінде қоғамда пікір қайшылықтарының туындауына себеп болуы мүмкін.
Қазақ мәдениеті ғасырлар бойы Құран мен сүннетке негізделген имам «Ағзам Әбу Ханифа» мәзһабы мен имам «Матуриди» сенім мектебінен сусындаған. Бұл мектептер төзімділікке, қоғамдық келісімге, ұлттық дәстүрді құрметтеуге және зайырлы мемлекет жағдайында өмір сүруге бейімделген құқықтық ұстанымдарымен ерекшеленеді. Сондықтан шетелдік діни көзқарастарды қабылдау кезінде олардың Қазақстандағы тарихы, мәдени және құқықтық ерекшеліктермен үйлесімділігі міндетті түрде ескерілуі қажет.
Діни экстремизм мәселесін зерттеуші ғалымдар радикалдану процесі көбіне адамның санасына идеологиялық ықпал етуден басталатынын көрсетеді. Мұндай ықпал бірден зорлық-зомбылыққа алып келмеуі мүмкін, бірақ қоғамды «біз» және «олар» деп бөлуге, өзге пікірді қабылдамауға немесе діни мәселелерде тек бір ғана көзқарасты дұрыс деп есептеуге бейімдеуі ықтимал. Сол себепті Қазақстан Республикасының мемлекетті экстремизмнің алдын алуда құқық қорғау шараларымен қатар діни сауаттылықты арттыруға ерекше мән беруде.
Усман әль-Хамистің дәрістеріне қатысты исламтанушылар мен сарапшылар арасында әртүрлі пікірлер бар. Бірқатар зерттеушілер оның кейбір діни мәселелерге қатысты көзқарастары Қазақстандағы дәстүрлі діни ұстанымдардан өзгеше екенін атап өтуде. Сондықтан оның немесе басқа да шетелдік уағызшылардың дәрістерін тыңдау кезінде ақпаратты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының түсіндірмелерімен, отандық дінтанушылардың және исламтанушылардың еңбектерімен және Қазақстан Республикасының заңнамасымен салыстыра отырып бағалау маңызды.
Усман әл-Хамистің кейбір діни мәселелерге қатысты ұстанымдары: - Мемлекеттік заңдардың исламға қайшы екенін айтуы
- Жастарды билікке қарсы қоюы
- Зайырлы білімнен алшақтауға тек шариғи білім алуға шақыруы
- Егер біреу сенің мүлкіңді тартып алмақ болса, оған мойынсұнба, өзіңнің дүние-мүлкіңді қорғауға тырыс, берілме. Егер сол жерде өліп кетсең шахит боласың немесе ол сол жерде өліп кетсе тозақы болады деген уағыздар таратуда.
Осындай мазмұндағы уағыздар жастарды қақтығысқа және агрессивті әрекеттерге итермелеуі мүмкін. Бұл жастардың қоғамдағы тәртіпті сақтау, ұстаздарды құрметтеу және елге деген жауапкершілік сияқты құндылықтарына кері әсер етуі ықтимал.
Интернеттің ықпалы жастардың дүниетанымын қалыптастыруда бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Бірнеше минуттық бейнероликтер немесе әлеуметтік желілердегі қысқа үзінділер толық діни білімнің орнын баса алмайды. Көп жағдайда мұндай материалдар белгілі бір тақырыптың тек бір бөлігін ғана қамтиды. Соның нәтижесінде жастар діни мәселелерді терең зерттемей, жекелеген пікірлерді абсолютті ақиқат ретінде қабылдауы мүмкін. Бұл діни сауаттылықтың жеткіліксіздігімен ұштасқан жағдайда әртүрлі идеологиялық ықпалдарға осалдықты арттырады.
Осыған байланысты Қазақстанда діни білім беру жүйесін жетілдіру, жастардың сыни ойлау қабілетін дамыту және ресми діни институттардың түсіндіру жұмыстарын күшейту маңызды міндеттердің бірі болып қала бермек. Жастардың діни дүниетанымының дұрыс қалыптасуы үшін олардың діни ақпаратты тек әлеуметтік желілерден ғана емес, ғылыми әдебиеттерден, білікті дінтанушылардың еңбектері мен пікірлерінен, сондай-ақ ресми діни мекемелер ұсынатын сенімді дереккөздерден алуы маңызды. Мұндай көзқарастар жастардың діни сауаттылығын арттырып, түрлі идеологиялық ықпалдарды сын тұрғысынан бағалап, оларға саналы түрде қарсы тұру қабілетін қалыптастыра алатыны сөзсіз.
Ернат Абдрахов
Нигде Өмер Халисдемир университетінің
PhD докторанты,
«Бәріміз біріміз үшін» қоғамдық қорының теологы
