Шетелдік радикалды уағызшылардың ықпалы: Шейх Фулейдждің Қазақстан қоғамына қаупі

Қазіргі жаһандану дәуірінде интернет ақпарат алмасу, білім алу және пікір бөлісу құралы ретінде адамзат өмірінің барлық саласын қамтитын маңызды құралға айналды.  Бүгінде жастардың басым бөлігі діни білімді әлеуметтік желілер арқылы алуға бейім. Алайда интернет кеңістігіндегі барлық діни ақпарат сенімді әрі дәстүрлі ислам қағидаларына сай келе бермейді. Әсіресе шетелдік радикалды идеологтардың бейнероликтері мен уағыздары жастардың дүниетанымына кері әсер етіп, қоғамнан оқшаулануға, дәстүрлі құндылықтарды жоққа шығаруға және радикалды көзқарастардың қалыптасуына себеп болуы мүмкін.

Соңғы жылдары әлеуметтік желілерде кеңінен тараған шетелдік уағызшылардың бірі – Шейх Фулейдж. Оның кейбір көзқарастары Қазақстан мұсылмандары ұстанатын дәстүрлі ислам түсінігімен және ұлттық рухани құндылықтармен сәйкес келмейді. Сондықтан оның уағыздарының мазмұнын ғылыми және құқықтық тұрғыдан саралау маңызды.

Шейх Халид ибн Ибраһим әл-Фулейдж (1969 жылы Эр-Риядта дүниеге келген) әлеуметтік желілерде, әсіресе Ютуб, Тикток және телеграм платформаларында кеңінен танымал. Оның дәрістері көбіне қысқа бейнероликтер түрінде таралған.

Фулейдж уағыздарында Құран мен сүннетке ғана сүйенетінін айтып, кейбір мәселелерде дәстүрлі діни түсініктен ерекшеленетін радикалды көзқарасты насхаттайтыны көрініс табуда. Оның уағыздары көбіне жастарға бағытталғандықтан, әлеуметтік желілер арқылы миллиондаған қаралым жинауда. Алайда оның бірқатар пікірлері көптеген мұсылман ғалымдарының сынына ұшыраған. Себебі мұндай көзқарастар ислам қағидасына қайшы келіп, қоғамда алауыздықтың тууына себеп болып  отыр.

Әлеуметтік желілерде жарияланған бейнедәрістерінде Фулейдждің кейбір пікірлері қоғамда кеңінен талқыланып келеді. Мәселен, ол кейбір уағыздарында намаз оқымайтын адамдарға қатысты такфирге (кәпір деп үкім шығаруға) жақын көзқарастар байқалады. Ал исламда мұсылман бір мұсылманды кәпірсің деп айыптау өте ауыр күнә ретінде және тыйым салынған амалдардың бірі. 

Сондай-ақ оның кейбір дәрістерінде:

1. Жоғары оқу орындары намаз оқуға жағдай жасамаса, оқуын тастауға шақыруы;

2. Әйелдердің жоғары білім алуы қажет емес деген пікірі;

3. Әйелдердің зиратқа баруына үзілді-кесілді тыйым салуы;

4. Ұлттық мерекелерді, мәдени шараларды және дәстүрлі мерекелерді сынға алуы;

5. Музыка мен ұлттық мәдениетті толықтай харам деп бағалауы; сияқты көзқарастары кездеседі. Мұндай пікірлер жастардың мемлекетке, білімге және қоғамға деген көзқарасын өзгертуі мүмкін.

Ислам діні білім алуды құлшылықтың бір түрі ретінде бағалайды. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с):

«Білім алу – әрбір мұсылманға парыз.» – деп өсиет еткен (Ибн Мәжа). Сондықтан білім алуды тоқтатуға шақыру исламның негізгі қағидаларының бірімен үйлеспейді.

«Амалдағы мәзһабым – ханафи, сенімдегі мазхабым – матуриди» дегенді жаттап өскен қазақ халқы ғасырлар бойы діни тәжірибесінде, құлшылық әрекеттері мен сенім негіздерінде осы қос ғұламаның жолын ұстанып келеді.

Бұл жолдың басты ерекшелігі:

1. Қоғамдағы тұрақтылықты сақтау;

2. Білімге құрметпен қарау;

3. Ата-ананы сыйлау;

4. Мемлекет заңдарын құрметтеу;

5. ұлттық салт-дәстүрді ислам шеңберінде бағалау.

Ал Фулейдждің кейбір пікірлері осы ұстанымдарға қайшы келуде. Мәселен, қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлерін бидғат немесе харам деп бағалау қоғамдағы рухани тұтастыққа нұқсан келтіруі мүмкін. Осыған байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұлттық дәстүр мен исламның үйлесімді екенін бірнеше рет түсіндіріп келеді.

Жастардың діни дүниетанымының қалыптасуында әлеуметтік желілердің ықпалы жылдан-жылға артып келуіне байланысты шетелдік уағызшылардың интернет арқылы таратылатын дәрістері жасөспірімдердің діни ұстанымдары мен қоғамдық көзқарастарының қалыптасуына әсер етуі мүмкін. Бұл кезеңде жастардың сыни талдау дағдылары толық қалыптаспағандықтан, олар эмоциялық сипаттағы діни контентті тез қабылдауға бейім болады. Радикалды мазмұндағы контенттің салдары:

1. Ата-анамен арақатынастың бұзылуы;

2. Ұстаздарды құрметтемеу;

3. Оқу орнын тастау;

4. Қоғамнан оқшаулану;

5. Өзгелерді дінсіз немесе адасқан деп көру;

6. Өзге пікірді қабылдамау;

7. Діни фанатизмнің қалыптасуы.

Мұндай көзқарастар адамның қалыпты әлеуметтік өмірден алыстап, радикалды топтардың ықпалына түсу қаупін арттыра түседі.

Қазақстанның діни саясатындағы негізгі қағидаттардың бірі – зайырлылық, қоғамдық келісім және конфессияаралық татулықты сақтау. Конституция азаматтардың діни сенім бостандығын қамтамасыз ете отырып, қоғамдағы тұрақтылық пен заң үстемдігін қорғауды да көздейді. Сондықтан діни негізде алауыздықты қоздыруға, қоғамды бөлшектеуге немесе азаматтарды қолданыстағы заңнаманы сақтамауға үндеуге бағытталған әрекеттер ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан ерекше назарға алынады.

Қорытынды

Цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы діни ақпараттың кең таралуына мүмкіндік бергенімен, интернет кеңістігіндегі барлық ақпараттың сенімді әрі дәстүрлі ислам қағидаларына сәйкес келе бермейтінін ескерген жөн. Осыған байланысты жастардың діни сауаттылығын арттыру, олардың ақпаратты сыни тұрғыдан бағалау қабілетін қалыптастыру және сенімді діни дереккөздерді ажырата білуі ерекше маңызға ие.

Шейх Фулейдж сияқты шетелдік уағызшылардың кейбір көзқарастары Қазақстандағы дәстүрлі ханафи-матуриди діни танымымен және ұлттық рухани құндылықтармен үйлеспейтін тұстарды қамтуы мүмкін. Сондықтан діни білімді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұсынған ресми ақпарат көздерінен, білікті теологтар мен имамдардан алу жастардың дұрыс діни дүниетанымының қалыптасуына ықпал етеді. Бұл өз кезегінде діни радикализмнің алдын алуға, қоғамдық келісімді нығайтуға және еліміздегі тұрақтылық пен бірлікті сақтауға маңызды үлес қосатыны сөзсіз.

Ернат Абдрахов

Нигде Өмер Халисдемир университетінің

PhD докторанты,

«Бәріміз біріміз үшін» қоғамдық қорының теологы