ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Үкімет отырысында күзде өтетін Ұлттық санақтың мән-маңызына тоқталды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша биылғы 1 қыркүйек – 30 қазан аралығында халық санағын өткізу жоспарланып отыр. Өздеріңіз білесіздер, мұның алдындағы санақ 2009 жылы өткен. Бұл іс-шараның әлеуметтік-экономикалық маңызы зор. Санақ нәтижесі бойынша мейлінше дәл деректер болып табылатын әрі елдегі ахуалды талдауға, болжам жасауға және тиісті шешімдер қабылдауға негіз болатын көптеген көрсеткіштер алынады», – деген Үкімет басшысы әр қазақстандықтың санаққа қатысуы маңызды екенін атап өтті.
«Еліміздің әр азаматының санаққа қатысуының маңызы өте зор. Санақ процесін автоматтандыру үшін қағаздан мүлдем бас тартып, цифрлық технологияларды қолдану жоспарланып отыр. Бұл мәлеметтерді жедел жинауға және шығындарды азайтуға мүмкіндік береді», – деді Асар Мамин.
Үкіметтің бүгінгі отырысында Үкміет басшысы Коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау жөніндегі ведомствоаралық комиссияға өңірлерде Ashyq жүйесіне қатысатын бизнес субъектілері үшін демалыс күнгі шектеу шараларын жеңілдету мәселесін қарастыруды тапсырды.
«Вакцинаның бірінші компонентін алғандардың саны 6,5 млн адамға жуық, ал екінші компонентін 5 млн-нан астам адам салдырды. Вакцина салдыру науқанын одан әрі күшейту қажет. Ведомствоаралық комиссияға эпидемиологиялық жағдай тұрақталып жатқан өңірлердегі Ashyq жүйесіне қатысатын бизнес субъектілері үшін демалыс күнгі шектеу шараларын жеңілдету мәселесін қарастыруды тапсырамын», – деген Премьер-министр бұл жұмыстағы жалпы бақылауды орынбасары Ералы Тоғжановқа тапсырды.