Ұстаз Батыржан Мансұров заманауи имам келбетін қалыптастыру туралы дәріс оқыды

Атырауда жергілікті имамдар, дін қызметкерлері үшін өтіп жатқан «Жат ағымның алдын алу және оның әдістемесі» атты семинар жалғасуда.

Семинар аясында Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі, Ғұламалар кеңесінің мүшесі Батыржан Мансұров қатысушыларға арнайы дәріс оқыды.

«Ислам әдебі және бүгінгі имамның келбеті» тақырыбында дәріс оқыған ұстаз Батыржан Мансұров сала мамандарын жан-жақты ілім алуға шақырды.

«Біз ақпараттық тасқын жағдайында өмір сүріп жатырмыз. Демек, әр адам, әр маман иесі өзінің қызметін жүргізуде ақпараттық тасқын жағдайына бейімделуі керек.

Имамдарымыз білімімен, адамгершілігімен, рухани кемелділігімен бірге мобильді қызмет көрсете алу мүмкіндігімен де үлгі болуы тиіс. Яғни, ақпараттық технологияларды меңгеруге, діни және дүниелік ілімді игеруге, жаңашыл қадамдардың бастауында жүруге ұмтылу қажет» деді ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі, Ғұламалар кеңесінің мүшесі Батыржан Мансұров.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.