Жылыой ауданында мешіттерге қарасты барлық таһаратханалар толық жөндеуден өтеді

Бұл туралы Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлының қабылдауында болған Жылыой ауданының бас имамы Жасұлан Қағазғалиев айтты.

«Жақын арада Жылыой ауданына қарасты барлық мешіттердегі дәретханалар толық жөндеуден өтіп, іске қосылады» деді ол.

Жылыой ауданында қазіргі таңда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты жеті мешіт жұмыс істеп тұр.

Құлсары қаласындағы орталық мешітте 12 қызметкер еңбек етуде. «Бас имам, наиб имам, 4 ұстаз, 3 кезекші, 1 есепші, 2 тазалықшы бар. Ауылдық жерлерде барлығы 8 маман тіркелген. Осылайша, Жылыой ауданы бойынша барлығы 20 қызметкер құлшылық үйлерінде еңбек етіп жатыр.

Проблемалық мәселелер қатарында – қызметкерлерге еңбекақы төлеу мәселесі қалып отыр. Қазіргі таңда мешіттер карантин жағдайында жұмыс істеуде» деп атап өтті Жылыой ауданының бас имамы Жасұлан Қағазғалиев.

Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы уағыз-насихат бағытындағы жұмыстарды күшейтуді, мультимедиа мүмкіндіктерін, әлеуметтік желілерді мейілінше көбірек пайдалану, жат ағым өкілдерімен нәтижелі жұмыс атқару, насихат жөнінде кешенді тапсырмалар берді.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.