Атырау облысының имамдары атқарылатын жұмыстардың кешенді жоспарын бекітті

Атырау облысының имамдары Мақат ауданында бас қосты.

Көшпелі мәжілісте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бекіткен 7 негізгі жұмыс бағыты талқыланып, аталған бағыт бойынша кешенді жоспар талқыланды.

Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы бекітілген 7 бағыт, соның ішінде қайырымдылық, ағарту, діни білім беру бағыттарында интернет мүмкіндіктерін кеңінен пайдалануды тапсырды.

«Ағартушылық – үлкен міндет. Дінге қызығушылық танытқан адам интернеттен ақпарат іздегенде, бірінші болып мүфтият ұсынған өнімдерді пайдалануы керек. Осындай жағдай жасау үшін, сайттарымыздаж, әлеуметтік желілерде заман талабына сай видеодәрістер, тәрбиелік мәні зор роликтерді көбейтіп, тақырыптық материалдарды көбірек жүктеу қажет. Сұрақ-жауап форматына кеңінен назар аудару сұралады.

Қайырымдылық шараларды көбірек насихаттаудың да өзіндік философиясы бар. Бір адамның ізгі ісі екінші адамның жүрегінде жылулық туғызуы мүмкін. Сондықтан, интернет кеңістігін рухани, тәрбиелік мәні зор материалдармен толықтыруды тапсырамын» деп атап өтті Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы.

Жиын барысында 7 бағыт бойынша бекітілген жауапты мамандар есеп берді.

Еске сала кетейік, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төралқа мәжілісінде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ҚМДБ 2022 жылы жеті бағыт бойынша жұмыстарға басымдық беретінін атап өтті.

Олар – діни білім және ғылым; уағыз-насихат және ихсан; дін мен дәстүр; ақпарат және ағарту; қоғаммен байланыс; уақып және қайырымдылық; діни оңалту бағыттары.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.