Атырауда 25 шәкірт Құран үйренуге көшті

Қасиетті Рамазан айы Атырауда қуанышты жаңалықпен басталды. Атырау облыстық орталық «Иманғали» мешіті жанындағы сауат ашу курсында білім алып жүрген шәкірттер Құран үйренуге көшті.

Шәкірттерге орталық «Иманғали» мешітінің наиб имамы Арман Исаев ұстаздық етуде.

Шәкірттерді Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы құттықтап, ізденушілерге қасиетті кітапты сыйға тартты.

«Барлық болмыс атаулы мен таңғажайып ғаламның жаратушысы Алла Тағала Ислам діні арқылы діндерді толықтырып, кемеліне келтірді. Адамзаттың бақыты үшін Құран Кәрімді түсірді.

Құран аса дана һәм шексіз рақым иесі Хақ тағала тарапынан түсірілген адамзатты шынайы бақытқа жетелейтін, қияметке дейін бірде – бір әрібі өзгермейтін мәңгілік мұғжиза. Құран – Жаратқанның тура жолы әрі хаққа бастар нұр. Ол – соңғы пайғамбарлықтың құжаты, ханиф (тура) діннің тілі әрі Ислам шариғатының ата заңы.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Құран аяттарын неғұрлым көп жаттаған адамның жұмақта дәрежесінің соншалықты жоғарылайтынын айтады» деп атап өтті Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы.