Атырауда ақпараттық топ мүшелері жас спортшылармен кездесті

Атырау облысындағы ақпараттық насихаттық топ мүшелері Дін істері басқармасының тапсырысы бойынша, «Жәрдем-Атырау» қорының ұйымдастыруымен, Атырау қаласындағы №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушылар, спортшыларымен кездесті.

«Дәстүрлі дін – руханият мәйегі» тақырыбында өткен кездесуде облыстық ақпараттық – насихаттық топ мүшелері, Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы мен теолог Ринат Орынғалиев қатысып, насихат жұмыстарын жүргізді.


Теолог-мамандар теріс діни ағымдардың қауіптілігі мен діни сауатсыздық салдарынан болатын мәселелер туралы мағлұмат берді. Сондай-ақ, әлеуметтік желіде қараған, бөліскен әрбір діни ақпаратқа мұқият болып, заңға қайшы келетін әрекеттерден аулақ болуға шақырды. Алпыс адамды қамтыған кездесу соңында дін мамандары қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.