Атырауда бірқатар кәсіпорындарға ҚМДБ-ның халал стандарт сертификаты берілді (+ ФОТО)

Атырау облысына арнайы жұмыс сапары аясында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы “Халал Даму” халал стандарттау және сертификаттау мекемесі директоры Айбек Аташев кәсіпкерлермен кездесті.

Орталық “Иманғали” мешітінде өткен кездесу барысында жалпы, халал стандарт сертификатының берілу тәртібі, мүфтият тарапынан кәсіпорынға қойылатын талаптар туралы айтылды.

“Халал сертификатын алудың өзіндік тәртібі бар. Кәсіпкер алдымен «Халал Даму» ЖШС директорының атына өтінішін, заңды құжаттары мен өнім үлгілерін (проба) жолдайды. Тараптар арасында «Халал» өнім өндіру және қызмет көрсету бойынша консалтинг өткізу туралы келісім шарт жасалады. Кәсіпорынның құжаттары бекітіледі, сертификаттау тәсілі анықталады.

Ал, сарапшылар комиссиясы кәсіпорынның жұмыс барысымен, өндіріс тәсілдерімен, шариғат талаптарына сай болу деңгейін анықтайды.

Өнім үлгілерінің құрамы анықталады. Ол үшін біз Қазақстан-Жапон инновациялық генетикалық модификацияланған зертханамен келісімге отырып, бірлесіп жұмыс жасаймыз. Бұл зертхананың технологиясы заманымыздың ең мықты деген зертханалардан кем емес. Өнімнің құрамында өте аз мөлшерде де доңыздың ДНҚ-сын анықтап бере алатын мүмкіндікке ие” деп атап өтті кездесу барысында “Халал Даму” халал стандарттау және сертификаттау мекемесі директоры Айбек Аташев .

Сондай ақ, кәсіпорынға тұрақты бақылаушы жауапты тұлға бекітіліп, арнайы акт жасалатындығын атап өткеніміз жөн. Тағы бір ескерерлігі, кез-келген өндіріс орындарын арнайы тексерістен өткізбей, халал стандартына сай жұмыс атқарып жатқандығына көз жеткізбей ҚМДБ «Халал Даму» ЖШС-ның «Халал сертификаты» берілмейді.

Жиын соңында атыраулық бір топ кәсіпорынға ҚМДБ-ның «Халал сертификаты» табыс етілді.

Орталық “Иманғали” мешітінің баспасөз-қызметі.