Атырауда имамдарды аттестациядан өткізу басталды

Атырау облысына арнайы іс-сапармен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары, наиб мүфти, шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы, ҚМДБ төрағасының кеңесшісі Кенжетай Байкемелұлы, ҚМДБ Уақып қорының басқарма төрағасы Ардақ Нүсіпханұлы және ҚМДБ құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Берікбол Мергенбайұлы арнайы келді.

Сапар барысында өңір имамдарының біліктілігін арттыруға арналған семинар өтті.

Семинар барысында наиб мүфти Сансызбай Құрбанұлы дін қызметкерлі шариғи тұрғыда сауатты болу керек екендігін жеткізді.

«Имам қоғамның айнасы болуы керек. Діннің атынан сөйлеген кезде, пәтуа мәселесінде өте жауапкершілікті талап етеді. Білмеген сұрақтарға арнайы пәтуа мамандарымен кеңесіп отырыңыздар. Қасиетті Құран мен Алла елшісінің (с.а.у) хадистерін басшылыққа ала отырып, кеңес беру маңызды,-деді.

Бас мүфтидің кеңесшісі Кенжетай Байкемелұлы дін мен дәстүр, қайырымдылық құндылықтардың маңыздылығы турасында дәріс оқыды.

«Қазіргі таңда Аллаға шүкір халық діни сауаттанып келеді. Біз асыл дініміздің құндылықтарын насихаттай отырып, кешегі бабалардан қалған мол мұраларды да дінмен сабақтастыра отырып халыққа жеткіземіз. Көпшіліктің деңгейінде болу, пікір алмасу арқылы дәрежеміз өседі»,- деп сөзін түйіндеді.

Семинар барысында имамдардың сауалдарына жауап берілді.