Атырау облысында жаңа оқу жылы қарсаңында дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы өтті. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Зекет және қайырымдылық» қорының ұйымдастыруымен өткен игі бастама аясында облыс бойынша мыңға жуық балаға мектепке қажетті оқу құралдары мен сыйлықтар табысталды.
Қайырымдылық шарасына Атырау облысындағы мешіттер де белсенді түрде атсалысып, әлеуметтік жағдайы төмен және көмекке мұқтаж отбасылардың балаларына қолдау көрсетті. Игі іс балалардың жаңа оқу жылын көтеріңкі көңіл күймен бастауына мүмкіндік беруді мақсат етті.
Шара барысында Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлы ата-аналар мен жас бүлдіршіндерді жаңа оқу жылымен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
«Білім – баланың болашағына бастар жол. Жаңа оқу жылында әрбір балаға сәттілік, жақсы көңіл күй және үлкен жетістіктер тілеймін. Ата-аналарға балаларының білім алуына әрдайым қолдау көрсетіп, тәрбиесіне көңіл бөлуге шақырамын. Бүгінгі сыйлықтарымыз балаларға аз да болса қуаныш сыйлап, жаңа оқу жылын жақсы көңіл күймен бастауына себеп болсын», – деді Болатбек Ұласқанұлы.
Бас имам балаларды сыйлықтарын қабыл алып, жаңа оқу жылын жақсы ниетпен бастауға шақырды.
Қайырымдылық акциясы барысында бүлдіршіндерге мектеп сөмкелері, кеңсе тауарлары және оқу жылына қажетті басқа да құралдар табысталды.
Айта кетейік, «Мектепке жол» қайырымдылық шарасы ҚМДБ-ның «Зекет және қайырымдылық» қорының бастамасымен және облыс мешіттерінің қолдауымен жыл сайын оқу жылы қарсаңында ұйымдастырылып келеді. Игі бастама арқылы балаларға қолдау көрсетіліп қана қоймай, қоғамда қайырымдылық пен өзара көмек мәдениетін қалыптастыруға үлес қосылуда.














