АТЫРАУДЫҢ ҚАЛА ЖӘНЕ АУДАН БАС ИМАМДАРЫ ҚҰРАН КУРСЫНАН ӨТТІ

Атырау облысындағы қала және аудан мешіттерінің бас имамдарына арналған Құран курсы ұйымдастырылды.

Бес күнге жалғасқан оқу барысында имамдар Құран оқу ережелерін қайталап, білімдерін пысықтап, тәжірибелік сабақтар арқылы тәжуид талаптарын жетілдірді.

Курс аясында өткен жиында Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлы сөз сөйлеп, имамдардың діни білімін тұрақты түрде жетілдірудің маңыздылығына тоқталды.

«Құран – имамның негізгі қаруы. Сондықтан Құранды дұрыс оқу, оның ережелерін жетік меңгеру – әрбір имам үшін аса маңызды міндет. Халыққа діни білім беруде имамның сауатты әрі білікті болуы үлкен жауапкершілікті талап етеді», – деді облыстың бас имамы.

Сонымен қатар жиында имамдардың кәсіби біліктілігін арттыру, Құран ілімін мешіт жамағатына сапалы жеткізу және діни ағартушылық жұмыстарды жүйелі жүргізу мәселелері сөз болды.

Курс соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.