Атырау облысындағы мешіттерде Пайғамбарымыз Мұхаммедтің ﷺ туған айы – Мәуліт мерекесіне орай рухани-мәдени шаралар басталды.
Осыған орай Сұлтан Бейбарыс мешітінде имамдар, ақсақалдар, спортшылар мен өнер саласының өкілдеріне арнайы дастархан жайылып, тағылымды рухани жиын өтті.
Жиында Құран оқылып, Мәуліт жыры орындалып, дұға жасалды. Басқосуда Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлы Пайғамбарымыздың ﷺ өнегелі өмірі мен көркем мінезі жайында тағылымды насихат айтып, жиналғандарды ізгілікке, бірлікке және өзара құрметке үндеді.
Сондай-ақ жиын барысында ардагерлер сөз сөйлеп, Мәуліт айының мән-маңызына тоқталып, жүрекжарды тілектерін білдірді.
Рухани басқосу соңында жамағатқа ақ дастархан жайылып, елдің амандығы мен бірлігі үшін дұға жасалды.















