Атырауда орталық мешітте Наурыз мерекесі аталып өтті (+ ФОТО)

Атырауда «Иманғали» орталық мешітінде Наурыз мейрамы ауқымды форматта аталып өтті.

Мешіт ауласына киіз үй тігіліп, жамағат мереке құрметіне дайындалған дастарханнан дәм татты. Балаларға арнап ойын алаңдары, батуттар құрылды.

Ер адамдар арқан тартыс, кір тасын көтеру, қазақша күрестен жарысқа түсті. Киіз үй ішінде әжелер Наурыз жырын айтып, ақсақалдар ғибратты əңгімелерімен бөлісті.

Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы Наурыз – береке мен ынтымақтың бастауы екендігін айтты.

«Бұл күні табиғаттың өзі жаңарып, тіршілік біткен түлейді. Біз Наурызды қыстан аман шыққан халықтың жаңа жылға аяқ басуына шүкіршілік ету, жаңа істерге бастамашы болу , ынтымақты, достықты арттыру форматындағы халықтық мереке ретінде дәріптеуіміз керек» дейді Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.

Еске сала кетелік, шараға дін қызметкерлері, қала тұрғындары қатысты.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.