Атырауда Құрбан айт мерекесіне орай жұмыс тобы құрылды

Жұмыс тобы құрбан шалу орындарында санитарлық тазалық, тәртіп сақталуын, мал бағасының орынсыз өспеуін қадағалайды.

Орталық «Иманғали» мешітінде Атырау облысының Бас имамы, жұмыс тобының жетекшісі Алтынбек Ұтысханұлының төрағалығымен жиын өтті.

Жиында үш күн бойына аталып өтетін қасиетті Құрбан айт мерекесінде құрбан шалуды ұйымдастыру, үйлестіру мәселелері талқыланды.

Жұмыс тобының отырысына Атырау облысы дін істері басқармасы, Атырау облысы ішкі саясат басқармасы, Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаменті, Атырау облысы санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті өкілдері, еріктілер қатысты.

Еске сала кетелік, биыл қасиетті Құрбан айт – 9 шілдеде басталады. Еліміз бойынша қала тұрғындары үшін мүфтият qurban2022.kz платформасы арқылы онлайн форматта құрбан шалу мүмкіндігін ұсынып отыр.

Атырауда «Тума», «Асыл агро», «Адал» мал базарлары және аталған базарлардағы мал сою пункттері қызмет көрсетеді.

Атырау облыстық орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.