АТЫРАУДА РАНТ ӨКІЛДЕРІНІҢ ҚАТЫСУЫМЕН ТҮЗЕТУ МЕКЕМЕЛЕРІНДЕ РУХАНИ КЕЗДЕСУЛЕР ӨТТІ

Атырау қаласындағы №79 әйелдер және №15 ерлер түзету мекемелерінде «Түзелу жолы: сана мен сенім» жобасы аясында рухани-ағартушылық кездесулер ұйымдастырылды.

Кездесулерге ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Сансызбай Құрбанұлы Шоқанов, РАНТ мүшелері Нұралы Бақытұлы мен Әділхан Оразов, сондай-ақ өңірдің теолог мамандары қатысты.

Сансызбай Құрбанұлы Шоқанов өз сөзінде тәубе, кешірім және рухани жаңару арқылы адамның өмірін өзгертуге болатынын атап өтіп, әр адамға берілген мүмкіндік – түзеліп, қоғамға қайта оралу екенін жеткізді.

Нұралы Бақытұлы қоғамға қайта бейімделу, дұрыс орта таңдау және жауапкершілікті сезіну адамның өз қолындағы шешім екенін айтты.

Әділхан Оразов деструктивті діни ағымдардың зияны мен дәстүрлі ислам құндылықтарын ұстанудың маңызын түсіндірді.

Кездесулер барысында жазасын өтеушілермен еркін форматта сұхбат құрылып, рухани тәрбие, үміт және адамгершілік құндылықтар кеңінен насихатталды.

Іс-шара Атырау облысы Дін істері басқармасының қолдауымен, «Жәрдем-Атырау» корпоративтік қорының ұйымдастыруымен өтті.