Бас имам Қызылқоға ауданында өткен қайырымдылық шарасына қатысты

Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы Қызылқоға ауданына жұмыс сапары аясында қайырымдылық шарасына қатысты.

Қызылқоға аудандық орталық мешіті ұйымдастырылған ізгілік шарасы аясында әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға бірінші қажеттіліктегі азық-түлік пакеттері табыс етілді.

«Қасиетті Құран Кәрім аяттарына көз жүгіртетін болсақ, жомарттық пен қайырымдылық жасаудың маңыздылығы – парыз етілген намаз сөзімен қатар жүретінін байқаймыз. Хақ Тағала Құран Кәрімнің Бақара сүресінің 3-аятында: «Олар ғайыпқа иман келтіріп, намазды толық орындап, өздеріне берген рызығымыздан жұмсайды» деген. Аят жолындағы «рызығымыздан жұмсайды» дегені – Алланың берген ризығын – Алланың разылығы үшін жұмсауға бұйырады.

Көптеген тәпсір еңбектерінде Алланың берген рызығын Аллаға жақындау үшін мал-мүлік сарып қылу жөнінде баяндалады. Демек, қайырымдылық бағытындағы шаралар қала, аудан ғана емес, ауыл мешіттерінде де ұдайы жалғасып келеді» дейді Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.  

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.