Биыл Атырауда мешіттер 5 отбасына баспана тапсырды

Жыл басынан бері Атырауда облыс мешіттері бес мұқтаж отбасына баспана сыйлады.

Бұл туралы Астана қаласында Мүфтият алдында есеп берген Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы мәлімдеді.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Ел үлесі – пәтерге» бағдарламасы аясында халықтың қолдауымен алынған баспаналар әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыларға тапсырылды.

Сонымен бірге, жыл басынан бері облыс бойынша 27 283 отбасы түрлі қайырымдылық шараларымен қамтылып, 1 204 шара өткізілді.

Ізгілік шараларының қатарында «Тайқазан», «Берекелі Рамазан сыйы» жобалары да бар. Аталған шаралар аясында мұқтаж отбасыларға азық-түлікпен қайырымдылық көмек бойынша 1 270 отбасы қамтылып, 80 шара өткізілді.

«Қолдан- қолға» жобасы аясында  қаржылай қайырымдылық көмек бойынша 125 отбасы қамтылып, 6 630 000 қаражат жұмсалды. «Үміт сыйла сәбиге» жобасы аясында 53 отбасы қамтылып, 2 715 000 қаражат жұмсалды.