Біз біргеміз: Атыраудан Мақтаралға 150 тонна гуманитарлық көмекті отызға жуық көлік тиеп жолға шықты (+ ВИДЕО)

amin.kz/ 7 мамыр, 2020 жыл. Бүгін Атыраудан Мақтарал ауданына алғашқы гуманитарлық көмек жөнелтілді. Ізгілік жолында аттанып бара жатқан атыраулық азаматтарға мұнайлы өлкенің Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы бата бетіп, шығарып салды.

«Еліміз қазір күрделі кезеңдерді бастан өткеріп жатыр. Мақтаарал ауданында орын алып жатқан жағдай да бірлігіміздің сыналар кезеңі болып отыр. Осындай қиын сәттерде жұмыла білгеніміз жөн. Ізгі істің басы-қасында жүрген атыраулық бауырларымызға Алланың нұры жауғай! Мақтаралдықтарға көмек жалғасады» дейді Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.


Барлығы 150 тонна азық-түлік, киім-кешек тиелген гуманитарлық көмекті Атыраудан 6 ауыр жүк көлігі, 20 газель және 2 жеңіл машина алып кетті.

«Бұйырса екі тәулік шамасында атыраулық ағайынның аманатын Мақтааралға жеткіземіз. Сонымен қатар, Атырау қаласының тұрғындарынан бөлек, мұнайлы өңірге қарасты барлық жеті аудан жастары жинаған 15 миллион теңге көлеміндегі қаражат Мақтаарал халқына беріледі.​ Талай қиындықты халқымыз бірліктің арқасында жеңген. Бұл сынақты да бірге өткереміз. Біз біргеміз!»-дейді ұйымдастырушылар.


Қазіргі таңда тағы екі көлік жолға ​ дайындалуда. Атыраулықтар гуманитарлық, қаржылай көмек легінің жалғасатынын айтады.

Еске сала кетелік, санаулы күндер бұрын​ Өзбекстандағы су бөгеттерінің бірі жарылуы салдарынан Түркістан облысындағы​ Мақтарал ауданын тасқын су басқан  болатын.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.