Махамбет ауданына қарасты Ақтоғай ауылдық мешітіне Дүйсеәлі қажы атауы берілді.
Игі шараға Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы арнайы қатысып, ауыл ақсақалдары мен жергілікті тұрғындарды құттықтады.
«Дүйсәлі қажы Көпешұлы мұсылманның бес парызын орындаған, ислам дінінің аймақта тарауына себепкер болған бірден-бір даңқты діндар тұлғалардың бірі. Алланың қалауымен қасиетті қажылық сапарында дүние салған.
Артында ұрпақтары мен қаумалаған қалың жұрт игі еңбегін бағалап, бүгін мешітке атын беріп отыр. Бұл үлкен бастама. Жалпы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі мешіттерге осындай қазақтың дара тұлғаларының есімін беруді қолдайды», – деп атап өтті Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.
Еске сала кетелік, өткен жылы шілде айында Махамбет ауданына қарасты Ақтоғай ауылында заманауи үлгіде салынған 150 адамдық мешіт ашылған еді. мешіт ерлер, әйелдер намаз залы, Құран оқитын бөлме, имамдар бөлмесінен тұрады. Мешіт жанында имам үйі, асхана мен дәретхана орналасқан.