Ризабек Батталұлы Атырауда жастармен кездесті

Атырауға жұмыс сапары аясында белгілі дінтанушы Ризабек Батталұлы бір топ жастармен кездесті.

Кездесу барысында түрлі діни мәселер турасында сұрақтарға жауап беріп, ел бірлігі, бір мәзһабты ұстанудың мәні, дәстүрлі діннің құндылығы, дін мен дәстүр тақырыптарында уағыз-насихат айтты.

«Қазақ «Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған халық». «Жерде жетім жыласа, көкте періште жылайды» деген сөзді де бабаларымыз айтып кеткен. «Біріңді қазақ, біріңді дос көрмесең, істің бәрі бос» деген даналық сөз Абай атамыздан қалған. Ойланып қарасақ, мұның барлығы құндылық. Яғни, адамзатқа, айналаға, қоршаған ортаға деген шынайы қамқорлық, махаббат, бауырмалдылық болмаса, тіршіліктің мәні болмайды. Мұндай игі қасиеттер жүректің тазалығы арқылы келеді. Жүрек тазалығының кілті – имандылықта. Ислам осындай ізгі қасиеттерді насихаттайды. Халқымыздың салт-дәстүрі де осындай жақсы қасиеттерді дәріптеуге бағытталған» деп атап өтті ұстаз Ризабек Батталұлы.

Кездесуге Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы, Атырау облысы дін істері басқармасының басшысы Қайролла Көшқалиев пен «Шапағат» ҚҚ-ның басшысы Ербол Жаулин қатысты.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.