Атырауда «Ихсан» мешіті қар тазалау жұмыстарына атсалысты (+ ФОТО)

Атырау қаласына қарасты Геолог ауылындағы Ихсан мешіті қалың қардың құрсауында қалып жатқан елдімекендерді қардан тазалау жұмыстарына атсалысты.

Мешіт ұжымы және жамағаттың жұмылуымен Ихсан мешітінің маңайы және Геолог ауылындағы адамдар көп жүретін жолдар қардан тазаланды.

Қол еңбегіне арнайы техника жұмылдырылып, адамдардың еркін қозғалысына жағдай жасалды.

Еске сала кетсек, Атырауда бірнеше күннен бері қалың қар түсіп, салдарынан коммуналдық қызмет, тіпті, жолаушылар тасымалында проблемалар орын алды.

Соңғы алты жылда түспеген қардың әсері қала өміріне оңай тиіп жатқан жоқ.

Атырау қалалық әкімдігінің мәліметінше, тек 4-9 ақпан аралығында Атырау қаласының өзінен 2030 текше метр қар шығарылды. Қаланы қардан тазалау жұмыстарына 11 техника жұмылдырылып отыр.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.