Атырауда «Иманғали» мешіті 1000 түп жеміс ағашының отырғызылуына атсалысты (+ФОТО, + ВИДЕО)

Атырауда «Елсана» қауымдастығы «Үркер» этно бау-бақшасының алғашқы көшеттерін еге бастады. Әзірге 1000 түп жеміс ағашы егілген бау-бақшаға тағы 4000 түп ағаш отырғызу жоспарда.

Аталмыш іс-шараға орталық «Иманғали» мешіті де атсалысып, алғашқы жеміс ағаштарын отырғызу іс-шарасына Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы тікелей қатысты.

«Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) «Ертең қиямет болады десе де, қолыңдағы бір құрмадан ағаш егіп қал» деп өсиет еткен. Бұл ағаш егудің, жасыл желектің табиғатты қорғауда қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Рамазанды рухани тәрбие айы десек, ағаш егуге атсалысу – сауапты іс» дейді Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.

Алмалы ауылында негізі қаланып жатқан бау-бақшадан болашақта жергілікті тұрғындар емін-еркін жеміс-жидек тереді деген үміт бар.

«Елсана» қауымдастығының жетекшісі Нұрберген Әбдірешұлының айтуынша, бау-бақшаны баптап-күтуді аталмыш патриоттық клубтың мүшелері, яғни үлкендер мен жастар өз жауапкершілігіне алып отыр.

Орталық “Иманғали” мешітінің баспасөз-қызметі.