Атырауда «Жанашыр жүрек» халықтық акциясы жалғасуда

«25 қазан – Республика күні» мерекесі құрметіне Атырауда «Жанашыр жүрек» халықтық  акциясы жалғасуда.

Акция аясында Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлының қолдауымен, “Атырау облысы жастар ісі секторы” және “Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының “Азаматтық орталығы” мекемелері бірлесе отырып, мұқтаж отбасыларына азық-түлік таратылды.

Бірінші қажеттіліктегі азық-түлік пакеттері толтырылған қоржындарды еріктілер әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға апарып жеткізді.

Еске сала кетелік, Республика күні мерекесіне орай, елімізде «Жанашыр жүрек» қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды. Ұлттық мереке құрметіне орай, үш күнге созылған акцияның мақсаты – дәл осы күні мұқтаж жандарға көмек көрсету арқылы, көпшілікке мерекенің ұлық екенін сезіндіру.

Бұған дейін Атырауда аталған акция аясында жүздеген отбасыларға көмек көрсетілген болатын.