«Хизмет» феноменінің қалыптасуы мен идеологиялық ерекшеліктері

XX ғасырдың екінші жартысынан бастап әлемдік деңгейде діни қозғалыстардың жаңа үлгілері қалыптаса бастады. Дәстүрлі діни институттардан ұйымдасу ерекшелігімен және білім беру, бұқаралық ақпарат құралдары, кәсіпкерлік пен қоғамдық ұйымдар арқылы қызмет жүргізуімен ерекшеленетін қозғалыстардың бірі Фетхуллаһ Гүленнің жетекшілігімен қалыптасқан «Хизмет» қозғалысы. Алғашқы кезеңде діни-ағартушылық бағыттағы қоғамдық бастама ретінде қалыптасқан бұл қозғалыс кейіннен әлемнің ондаған еліне таралған халықаралық ұйымдар желісіне айналды.
Қозғалыстың қызметі ұзақ жылдар бойы әртүрлі бағаланып келді. Бір жағынан, оның білім беру саласындағы жетістіктері мен халықаралық мектептер жүйесі оң бағаланса, екінші жағынан, ұйымның жабық құрылымы, кадр даярлау тәсілі, мемлекеттік институттарға ықпал етуге ұмтылысы және идеологиялық ұстанымдары көптеген сарапшылардың назарын аударды. Әсіресе 2016 жылғы Түркиядағы мемлекеттік төңкеріс әрекетінен кейін бұл қозғалысқа қатысты зерттеулер жаңа деңгейге көтерілді.
Түркия Республикасы Дін істері басқармасы Дін істері Жоғары кеңесінің 2017 жылы жариялаған «ФЕТО ұйымының дінді жеке мүддесіне пайдалануы өз тілінде (ұйым жетекшісінің кітаптарынан айғақ)» атты сараптамалық еңбегі қозғалыстың діни дискурсын оның жетекшісінің кітаптары мен көптеген дәрістеріне сүйене отырып талдады. Аталған еңбекте Фетхуллаһ Гүленнің ондаған жылдар бойы жарияланған кітаптары мен жүздеген сағаттық аудио-бейне материалдарын ғылыми тұрғыдан саралап, ұйым идеологиясының ерекшеліктерін көрсетуге арналған.
Фетхуллаһ Гүлен 1941 жылы Түркияның Ерзұрұм қаласында дүниеге келген. Ерте жастан діни білім алып, «Саид Нұрсидің» идеяларынан ықпал көргенімен, кейін өзінің дербес бағытын қалыптастыра бастаған. Алғашқы жылдары Түркия Дін істері басқармасы жүйесінде уағызшы қызметін атқарғанымен, кейін мемлекеттік қызметтен кетіп, жеке уағыз-насихат жұмыстарын жүргізуге көшкен. Осы кезеңнен бастап оның төңірегіне топтасқан шәкірттер желісі біртіндеп ұйымдасқан қоғамдық қозғалысқа айналған.
Қозғалыстың негізгі ерекшелігі дәстүрлі діни ұйымдарға қарағанда білім беру мекемелерін, жатақханаларды, дайындық курстарын, қайырымдылық қорларын, кәсіпкерлік құрылымдарын және бұқаралық ақпарат құралдарын кешенді түрде пайдалануында болды. Мұндай модель қысқа уақыт ішінде ұйымның халықаралық деңгейде таралуына мүмкіндік берді. 1990-жылдардың басынан бастап Орталық Азия мемлекеттерінде, соның ішінде Қазақстанда да лицейлер, білім беру орталықтары және түрлі коммерциялық ұйымдар құрылды.
Зерттеушілердің пікірінше, қозғалыстың басты стратегиялық бағыты – ұзақ мерзімді әлеуметтік ықпал қалыптастыру болды. Дарынды жастарды іріктеу, оларды сапалы біліммен қамтамасыз ету, кейін жоғары оқу орындарына бағыттау және түлектер арасындағы байланысты үзбеу ұйым қызметінің маңызды тетіктеріне айналды. Осы арқылы қозғалыс өзінің әлеуметтік базасын кеңейтіп отырды.
Түркия Дін істері басқармасы жүргізген сараптамада ұйым идеологиясының негізгі ерекшеліктерінің бірі ретінде діни ұғымдарды өзгеше түсіндіру тәсілі көрсетіледі. Сарапшылардың пікірінше, кейбір мәселелерде исламдық терминдер жаңа мазмұнда қолданылып, діни түсініктер символдық әрі астарлы мағынамен берілген. Сонымен қатар ұйымның «Сызынты» (Sızıntı) журналы арқылы жүргізілген ақпараттық қызметіне ерекше назар аударылады. Сараптамада журналдың атауының өзі «ену», «бойлау» деген мағынаны білдіретіні және оның ұйым стратегиясымен сабақтастырылып түсіндірілетіні айтылады. Журналдың мазмұнына жасалған талдауларда исламдық тақырыптармен қатар өзге діни және мәдени рәміздердің жиі қолданылғаны көрсетілген. Сарапшылар мұны ұйымның өзін әмбебап діни-өркениеттік қозғалыс ретінде танытуға бағытталған ақпараттық тәсілдерінің бірі ретінде бағалайды. Сонымен қатар дінаралық диалог мәселесіне ерекше көңіл бөлініп, қозғалыстың бұл бағыттағы қызметі де жан-жақты қарастырылған.
Қозғалыстың ұйымдастыру мәдениеті де зерттеушілер назарынан тыс қалмаған. Оның ішкі құрылымы сатылы басқару жүйесіне негізделіп, мүшелер арасында жоғары деңгейдегі ұйымшылдық пен өзара қолдау қағидалары қалыптастырылғаны айтылады. Әсіресе білім беру ұйымдары арқылы тәрбиеленген жастардың кейін де ұйыммен байланысын үзбеуі қозғалыстың ұзақ мерзімді стратегиясының құрамдас бөлігі ретінде қарастырылған.
2016 жылғы оқиғалардан кейін Түркия билігі бұл құрылымды «Фетхуллашы террор ұйымы» (FETÖ) ретінде танып, оның қызметіне тыйым салынды. Кейіннен бірқатар мемлекеттер де Түркияның осы ұстанымын қолдап, ұйымға қатысты түрлі құқықтық шешімдер қабылдай бастады. Осы оқиғалардан кейін халықаралық ғылыми ортада қозғалыстың қызметін тек білім беру немесе діни ұйым ретінде емес, саяси, әлеуметтік және идеологиялық құбылыс ретінде кешенді зерттеу қажеттілігі айқындала түсті.

Қорытынды
Фетхуллаһ Гүленнің жетекшілігімен қалыптасқан «Хизмет» қозғалысы қазіргі заманғы діни-қоғамдық ұйымдардың күрделі үлгілерінің бірі. Оның қызметі білім беру, ақпараттық саясат, қоғамдық ұйымдар және экономикалық құрылымдар арқылы жүзеге асырылғандықтан, ықпал ету ауқымы да кең. Ұйымның халықаралық деңгейде таралуы оның тиімді ұйымдастырушылық моделін көрсеткенімен, кейінгі кезеңдегі саяси-құқықтық оқиғалар бұл құрылымның қызметіне қатысты көптеген сұрақтардың туындауына себеп болды.
Түркия Дін істері басқармасы жүргізген сараптамалық зерттеу қозғалыстың діни дискурсын ғылыми тұрғыдан талдап, ұйым жетекшісінің еңбектері мен дәрістеріндегі діни түсіндіру ерекшеліктерін жүйелі түрде көрсетуде. Мұндай зерттеулер діни ұйымдардың қызметін объективті бағалауға, олардың идеологиялық ерекшеліктерін анықтауға және қоғамдағы діни қауіпсіздік мәселелерін ғылыми негізде қарастыруға мүмкіндік беруде. Қазіргі жағдайда трансұлттық діни қозғалыстардың қызметін тек діни құбылыс ретінде емес, әлеуметтік, саяси және мәдени факторлармен өзара байланыста кешенді зерттеу маңызды. Сондықтан қазіргі кезеңде діни қозғалыстардың қызметін объективті әрі кешенді зерттеу ғылыми зерттеулердің маңызды бағыттарының бірі ретінде қарастырылады.
Ернат Абдрахов
Нигде Өмер Халисдемир университетінің
PhD докторанты,
«Бәріміз біріміз үшін» қоғамдық қорының теологы