Рамазанның 15 күнінде Атырау мешіттерінде 10 мың «ауызашар қоржыны» таратылды (+ ВИДЕО, + ФОТО)

Қасиетті Рамазан айының алғашқы он бес күнінде Атырау облысының барлық мешіттерінде 10 мың адамға ауызашар үлестірілді.

Оның ішінде, бір ғана орталық «Иманғали» мешітінде Рамазан басталғалы бері 6000 адамға «ауызашар қоржындары» үлестіріліп отыр.

Ауызашар қоржындары негізінен мешіт жамағаттарына, зиялы қауым өкілдеріне, төтенше жағдай департаменті қызметкерлеріне, медицина мамандарына, аналарға, көше тазалаушыларына таратылып жатыр.

«Ораза тұтқан кісіге бір құрма немесе бір кесе сүт берген адам да ауызашар бергендей сауапқа ие болады. Рас, қазіргі таңда пандемия жағдайына байланысты, Атырау облысы коронавирус инфекциясының таралу жылдамдығы бойынша «қызыл аймақта» тұр. Осы ретте, мешіттерімізде Тарауық оқылып жатқан жоқ, сәйкесінше, мешіттер жанынан ауызашар үшін бұрынғыдай киіз үйлер құрылмады. Ауызашар рәсімі қашықтықтан ұйымдастырылып жатыр.

Ауызашар беру сүннет, сауапты іс. Бірақ, адамның өмірін сақтау бізге бұйырылған міндетті амал екендігін естен шығармауымыз керек» дейді Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.

Орталық “Иманғали” мешітінің баспасөз-қызметі.